Аймақтар • 01 Тамыз, 2017

Ольгинкаға Қытайдан бес отбасы көшіп келді

258 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар облыстық статистика департаментінің мәліметінше, облыстан биыл  5235 адам көшіп кетіпті.

Ольгинкаға Қытайдан бес отбасы көшіп келді

Көшіп кеткендердің 4  мыңға жуығы еліміздің өзге өңірлеріне, ал, қалған 1310 адам шетелге жол тартыпты.  Керісінше, өңірге биыл  2547 адам көшіп келіпті. Қазір облыста 756 мың адам тұрады. Бұл санның 70 пайыздан астам үлесін қалалықтар құрайды. Ауылдарда 300 мыңға жетер-жетпес халық қалған. Жалпы, жұмыссыздық деңгейі бүгінде 4,9 пайызды құрап отыр.

Өткен аптада өңірдегі Успен ауданы, Ольгинка деген ауылға Қытайдан  балалы-шағалы 18 адамы бар 5 отбасы көшіп келді. Бұл 334 тұрғыны ғана қалған Ольгин ауылының тұрғындар санына қосылып, қоныс аударушылар қатары бара-бара көбейеді деген сөз. Елге ел қосылса құт. Ольгинканың аты да өзгеріп, алыстан жеткен ағайынның тілегіне сай жарасар. 

Ал, облыстық білім беру басқармасының хабарынша, биыл өңірдегі технологиялық, химия-механикалық, бизнес, Жаяу Мұса атындағы Ақсу, Красноармейка, Баянауыл аграрлық-техникалық колледждері «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 200 студент қабылдамақшы. Қазір Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстарынан келуге ниеттенген басқа да түлектердің құжаттары қабылдануда.

Біздің өңірден барған аудандық әкімдіктер өкілдері Оңтүстік Қазақстанның Мақтаарал, Сарыағаш аудандарын аралап, кездесулер ұйымдастыруда.

Енді  өңірдегі  10 ауданға 50 отбасын қабылдау да жоспарланып отырған көрінеді. 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»